A A A A A

Church: [False Teachers]


Езекиел 13:9
Жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтатын пайғамбарларға қарсы қолымды созамын. Енді қайтып Менің халқымның қауымында оларға орын болмайды. Сөйтіп олар Исраил халқының шежірелеріне тіркелмейді де, Исраил еліне қайтып келмейді де. Сонда сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін боласыңдар.

Еремия 23:16
Әлемнің Иесі халыққа мынаны айтады: Сол (жалған) пайғамбарлар сендерге хабарларын жеткізгенде оларға құлақ аспаңдар! Олар сендерді алдап босқа үміттендіріп жүр. Сендерге айтып жүрген сөздері — Жаратқан Иенің айтқандары емес, өз қиялдарынан шыққан сөздер.

Лұқа 6:26
Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар: солардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай істеген.

Матай 24:24
Себебі жалған мәсіхтер мен пайғамбарлар шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін ғаламат кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады.

Матай 16:11-12
[11] Менің сендерге: Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар! дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? —[12] Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді.

2 Тімоте 4:3-4
[3] Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды ғана айтатын тәлім берушілерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады.[4] Осылай олар шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ.

2 Тімоте 4:3-4
[3] Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды ғана айтатын тәлім берушілерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады.[4] Осылай олар шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ.

Актілер 20:28-30
[28] Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар![29] Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін.[30] Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ.

2 Петір 3:14-18
[14] Сонымен, сүйікті бауырластар, сендер бұлардың келуін күтіп жүргендіктен, Мәсіхтің алдында тұрғанда Оның сендерді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылыңдар![15] Иеміз төзімділік танытуда, себебі Ол адамдарды құтқарғысы келеді, мұны дұрыс ұғыңдар! Сүйікті бауырласымыз Пауыл да сендерге Тәңір Ие өзіне сыйлаған даналығымен осы туралы хат жазған болатын.[16] Ол бұл мәселеге тоқталып өткен барлық хаттарында да осылай дейді. Оларда бірқатар түсінуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлім алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелі жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсіндіреді. Сол арқылы олар тозаққа түсулеріне өздері себепші болады.[17] Алайда сендер, сүйікті бауырластарым, бұны алдын ала біліп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға ілесіп, берік негіздеріңнен айырылып қалып жүрмеңдер![18] Қайта, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына кенеліп, Оны жақынырақ танып білуде өсе беріңдер! Оның ұлылығы қазір де, мәңгілікте де даңқтала берсін! Аумин.

1 Жохан 4:1-6
[1] Сүйікті бауырларым, кез келген рухтарға сене бермеңдер, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар! Өйткені көптеген жалған пайғамбарлар жер жүзіне тарады.[2] Құдайдың Рухын мынаған қарап ажырата білесіңдер: Құдайдан шыққан Киелі Рух Иса Мәсіхтің адам бейнесінде көктен келгенін мойындайды.[3] Ал Иса Мәсіхтің адам болып келгенін мойындамайтын әрбір рух Құдайдан емес, керісінше, ол — Мәсіхке қарсы шығушының рухы. Сендер соның келетінін естідіңдер, ол қазірдің өзінде-ақ дүниеде жүр.[4] Ал, балаларым менің, сендер Құдайдансыңдар, жалған пайғамбарларды жеңіп шықтыңдар. Өйткені сендердегі Киелі Рух күнәкар дүниені билеп тұрған шайтаннан құдіретті.[5] Жалған пайғамбарлар осы күнәкар дүниеден болғандықтан осы дүниелік тұрғыдан сөйлейді, әрі осы дүниенің адамдары оларға ден қояды.[6] Біз Құдайданбыз; Оны танитындар бізге құлақ салады, ал Құдайдан еместер бізге құлақ салмайды. Шындықты сөйлейтін Рух пен алдамшы рухты осы арқылы ажырата аламыз.

Матай 7:15-20
[15] Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар.[16] Оларды жемістерінен (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас.[17] Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.[18] Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.[19] Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады.[20] Сол сияқты, адамдарды да жемістерінен танып білесіңдер.

2 Петір 1:12-21
[12] Сол себепті, сендер осы айтқандарымды білсеңдер де, қабылдаған шынайы ілімді берік ұстансаңдар да, мен оларды бәрібір ұдайы естеріңе салып отырмақпын.[13] Мен әлі де осы тәндік шатырда тұрғанымда, соларды естеріңе түсіріп, рухани дамуларыңа қозғау салып отыруды дұрыс деп санаймын.[14] Иеміз Иса Мәсіх өзіме анық білдіргеніндей, жуырда осы тәндік денемді тастайтыным маған белгілі.[15] Сондықтан мен бұ дүниеден аттанғаннан кейін де сендер сол айтқандарымды әрдайым есте сақтауларың үшін қолымнан келгеннің бәрін де істеймін.[16] Біз сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің зор құдіретпен қайта оралуы туралы білдіргенде, қулықпен қиыстырылған аңыз-ертегілерге сүйенген жоқпыз. Керісінше, біз Иеміздің салтанатты ұлылығын өз көзімізбен көрген куәгерлер болған едік.[17] Сол кезде шексіз ұлылықтың Иесі, Құдай Әке, Мәсіхке арнап: Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын, — деп дауыстап, Оны құрмет пен салтанатты ұлылыққа кенелтті.[18] Біз Иеміз Иса Мәсіхпен бірге қасиетті тауда болғанда, көктен шыққан осы дауысты естідік.[19] Сонымен қатар, біздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенімді сөздері бар ғой. Бұларға көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта нұрын шашып тұрған шам-шыраққа ұқсайды. Таң атып, шолпан жұлдызының пайда болатынындай, ақырында Мәсіх көктен қайтып келіп, жүректеріңе толық түсінік құятын болады.[20] Ең бастысы, Киелі жазбалардағы пайғамбарлар сөздерінің ешқайсысы да пайғамбардың жеке түсінігі бойынша туындамағанын біліңдер.[21] Себебі бұл пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес. Қайта, Киелі Рух Құдайға бағышталған адамдарға Оның хабарларын айтуға қозғау салып отырды.

Титус 1:6-16
[6] жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал, ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс.[7] Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек.[8] Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті.[9] Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс.[10] Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар арасында.[11] Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады.[12] Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер, — деген.[13] Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып,[14] яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын![15] Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар.[16] Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.

2 Петір 2:1-22
[1] Алайда сол заманда Құдай халқының арасында жалған пайғамбарлар да пайда болды. Дәл солай сендердің араларыңда да жалған тәлім берушілер болмақ. Олар жік салғыш зиянды ілімдерді жасырын енгізеді; тіпті өздерінің күнәларының құнын өтеп жанын құрбан еткен Әміршісі Мәсіхті де мойындамайды! Сондықтан олар бастарына кенеттен түсетін жойылуды өздері шақырып алады.[2] Көптеген адамдар солардың азғындықтарына еріп кетпек. Оларға бола ақиқат жолы масқараланатын болады.[3] Сол жалған тәлім берушілер сендерді ашкөздіктен өтірік сөздерімен алдап кетпек. Олардың үкімі әуелден-ақ бастарына төніп тұр; жойылулары кешікпей, сөзсіз іске аспақ![4] Себебі Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақтау үшін тозақтың қара түнегіне ұстап беріп, шынжырлатып тастады.[5] Тәңір Ие ежелгі дүниені де аямай, арсыз зұлымдардың әлеміне топан су жіберді. Жалғыз құтқарғаны әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адам, болды.[6] Құдай Содом мен Ғомора қалаларын да үкімдеп, күл-талқандарын шығарды. Ол солардың мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті.[7] Ал әділ Лутты Тәңір Ие аман сақтап қалды. Ол айналасындағы арсыз адамдардың бұзық қылықтары үшін қатты қиналып жүрді.[8] Сол ізгі жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы іс-әрекеттерін күн сайын көріп, естіп, өзінің әділ ар-ұжданы алдында азап шекті.[9] Бұл солай болғанда, Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді өтіп жатқан сынақтарынан құтқаруды, ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі.[10] Әсіресе, күнәкар болмыстарының арам құмарлықтарының жетегіне ерген, ешбір билікті елемейтіндердің тағдырлары осындай болмақ! Сондай тәкаппар да қиқар жалған тәлім берушілер абыройлы билеушілерді балағаттаудан қаймықпайды.[11] Тіпті күш-қуаттары әлдеқайда зор періштелер де соларды Жаратқан Иенің алдында ешқандай балағат сөзбен айыптамайды.[12] Бірақ сол алдамшы тәлім берушілер ақылдарымен емес, жабайы аңдар сияқты түйсіктерімен ғана жүреді. Ал аңдар аулап, өлтіру үшін бар ғой. Сол адамдар түсінбеген нәрселері туралы жаман сөз айта береді. Ақырында жабайы аңдар сияқты олар да жойылмақ,[13] осылай жасаған әділетсіз істеріне лайықты жазаларын тартпақ. Мұндайлар тіпті күндіз тәндік тәбеттерін қанағаттандырып, алдамшы ырду-дырдудан ләззат табады; өздеріңмен бірге тойлауларымен ар-ұяттарыңа дақ түсіріп, сендерді жұрт алдында ұятқа қалдырады.[14] Олар ұдайы күнә жасаудың орайын іздеп, көздерімен әйелдерді ішіп-жеп, сенімі тұрақсыздарды өздеріне еліктіріп отырады. (Солардың саны көбейе түссін деп) ашкөзденіп үйренген мұндайларды Құдайдың қарғысы атқан![15] Олар баяғыдағы Босор ұлы Балағамның жолына түсіп, тура жолдан тайып, адасып кетті. Балағам әділетсіз ісі үшін алатын сыйын қатты ұнатты,[16] бірақ жаман қылықтары бетіне басылды: оның есегіне тіл бітіп, адам секілді сөйлеп, қиқар пайғамбардың ақымақ әрекетін тоқтатты![17] Сол жалған ілімді таратушылар қауымды алдап, тақырға отырғызатын, кеуіп қалған бұлақ көздеріне және дауыл айдаған, жаңбырсыз ақ бұлттарға ұқсайды. Оларға тозақтың қара түнегі дайын тұр.[18] Мұндайлар бос сөздермен мақтанып жүреді. Олар теріс жолмен жүргендердің арасынан жуырда ғана құтылып шыққан адамдарды күнәкар болмыстарының құмарлықтарын қайтадан жүгенсіздікпен қанағаттандыруға еліктіріп, торларына түсіреді.[19] Олар осындай жандарға бостандықты уәде етеді, бірақ өздері азғындықтың құлдығында жүреді. Өйткені адам неден жеңілсе, соның құлы болар.[20] Осындайлар Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білгендері арқылы осы дүниелік арамдықтардан арылып, құтылған болатын. Алайда кейін қайтадан олардың шырмауына түсіп, жеңіледі. Сонда олардың соңғы жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болмақ.[21] Олар үшін әділет жолын танып біліп, Мәсіхтің тапсырған қасиетті өсиеттерін қабылдап, кейін кері бұрылғаннан гөрі, сол жолды мүлдем білмегендері жақсы болар еді.[22] Бастарынан кешкендерінде мына тауып айтылған мақал-мәтел жүзеге асады: Төбет қайта оралар өзінің құсығына, Жуылған шошқа қайтар аунайтын батпағына.

Матай 23:1-29
[1] Содан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді:[2] — Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты.[3] Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды.[4] Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды. Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды.[5] Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын ұзартады.[6] Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді.[7] Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, ұстаз деп атағандарын қатты ұнатады.[8] Алайда сендер ұстаз деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар.[9] Жер бетіндегі ешкімге әке деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой.[10] Өздеріңді тәлімгер деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх.[11] Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін![12] Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.[13] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер![14] (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!)[15] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар![16] Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: Біреу киелі үйдің атымен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті.[17] Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме?[18] Сендер тағы: Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті дейсіңдер.[19] Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме?[20] Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой.[21] Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен де ант береді.[22] Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді.[23] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді.[24] Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын соқыр жетекшілер-ай![25] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы.[26] Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар![27] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы.[28] Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы![29] Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010