A A A A A

Church: [Birth Of Jesus]


Матай 1:18-23
[18] Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды.[19] Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды.[20] Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан.[21] Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады, — деді.[22] Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды.[23] Ол былай деген: Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни Құдай бізбен бірге, деген ат қояды.

Лұқа 2:7-21
[7] тұңғыш Ұлын тапты. Оны құндақтап, қорадағы шөп салатын ақырға жатқызды. Себебі қонақүйде оларға орын болмады.[8] Сол өңірде малшылар жүретін. Олар далада түнеп, малдарын күзетіп жатты.[9] Кенеттен қастарына Жаратқан Иенің періштесі келіп, төңіректеріне Иеміздің нұрлы салтанаты сәулесін төгіп жіберді. Малшылар зәрелері ұша қорықты.[10] Ал періште оларға тіл қатып: Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ:[11] бүгін Дәуіттің қаласында сендердің Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол — Иеміз Мәсіх![12] Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені көресіңдер, — деді.[13] Кенеттен періштенің қасына көктегі періштелердің үлкен бір тобы қосылып, Құдайды былай деп дәріптеді:[14] Заңғар көкте Құдай мадақталсын! Жер жүзінде Өзі риза болған Адамдарға тыныштық болсын![15] Бұдан кейін періштелер көкке көтеріліп, малшылардың қасынан алыстап кетті. Ал малшылар өзара сөйлесіп: Кәне, Бетлехемге барайық! Сол жерде не болғанын, Жаратқан Иенің бізге білдіргенін көрейік, — деді.[16] Олар тездетіп барып, Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан Нәрестені тапты.[17] Оны көрген соң, малшылар осы Сәби туралы алған хабарды сол жердегілерге айтып берді.[18] Мұны естігендердің бәрі малшылардың әңгімесіне қайран қалысты.[19] Ал Мәриям осы сөздердің барлығын көңіліне түйіп, есіне сақтады.[20] Малшылардың көріп-естігендері түгелдей періштенің айтқанындай болған соң, олар Құдайды даңқтап, дәріптеп-мадақтап, қайтып кетті.[21] Сегіз күн өткеннен кейін Нәрестені сүндеттейтін мезгіл жеткенде, Оның атын Иса деп қойды. Шешесі құрсақ көтермес бұрын періште оған осы есімді айтқан еді.

Матай 2:1-12
[1] Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп:[2] Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз, — деп сұрастыра бастады.[3] Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды.[4] Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға: — Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды.[5] Олар былай деп жауап берді: — Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды:[6] Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады.[7] Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды.[8] Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін, — деп, оларды Бетлехемге жіберді.[9] Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады.[10] Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады.[11] Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды.[12] Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан Иродқа қайта оралмаңдар! деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.

Ғалаттықтар 4:4
Ал Құдай белгілеген уақыты жеткенде, Өзінің рухани Ұлын жіберді. Ол бір әйел арқылы дүниеге келіп, Таурат заңы үстемдік етіп тұрған халықтың арасында

Лұқа 2:1-4
[1] Сол күндері Римнің Август патшасы жер жүзінің барлық тұрғындарына салық төлеу үшін тізімге тіркелуге жарлық шығарды.[2] Бұл Сирия өлкесін Кирини басқарған замандағы алғашқы халық санағы болатын.[3] Сонда әркім тізімге тіркелу үшін өзінің атамекеніне барды.[4] Жүсіп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан жолға шығып, Дәуіт патшаның туған қаласына, Яһудея аймағындағы Бетлехемге, тізімге тіркелуге барды. Себебі Жүсіп Дәуіттің әулеті мен руынан шыққан еді.

Аян 12:1-5
[1] Мұнан кейін аспанда бір керемет зор көрініс пайда болды: күнді жамылған, аяғының астында айы бар, басына он екі жұлдыздан тәж киген бір әйел көрінді.[2] Ол босанбақ болып, толғақтың ауруы мен азабынан айғай салды.[3] Аспанда тағы басқа бір ғажап көрініс пайда болды: бұл жеті басты, он мүйізді, әр басында тәжі бар оттай қызыл алып айдаһар екен.[4] Ол құйрығымен аспандағы жұлдыздардың үштен бірін тартып алып, жерге қарай лақтырып жіберді. Айдаһар толғатып жатқан әйелдің алдында тосып тұрып, оның Баласын туысымен-ақ жалмап қоймақшы болды.[5] Осылай әйел Ұлын дүниеге келтірді; Ол болашақта күллі халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Нәресте тезірек Құдайға, Оның тағының алдына әкелінді.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010