Киелі таңдаулар
Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010

1 Самуел 28

1

Сол күндері філістірлер Исраилге қарсы соғыс ашпақ болып, жасақшыларын жинады. Анхұс Дәуітке: — Біліп ал, сен адамдарыңмен бірге маған еріп, әскерге қосыласың! — деп бұйырды.

2

Дәуіт: — Енді қызметшіңіздің не істей алатынын көретін боласыз, — дегенде, Анхұс: — Онда сені өмір бойы жеке басымды қорғайтын сақшым етіп тағайындаймын, — деп жауап берді.

3

Бұдан бұрын Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил оны жоқтап аза тұтып, туған қаласы Рамақтағы қабірге қойған еді. Саул аруақ шақыратын барлық бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден қуып жіберген болатын.

4

Філістір әскері жиналып, Шунемге аттанып барып, сол жерге қостарын тікті. Саул да Исраилдің барлық ер адамдарын жинап алып, олар Гелбуе қыратына орнықты.

5

Саул філістірлердің қостарын көргенде шошып, жүрегі қатты дірілдеп кетіп,

6

Жаратқан Иеден ақыл сұрады. Бірақ Жаратқан Ие оған не түсіндегі аяны, не қасиетті жеребе, не пайғамбарлар арқылы жауап бермеді.

7

Сонда Саул нөкерлеріне: — Маған аруақ шақыратын бір сәуегей әйелді табыңдар! Мен оған барып, ақыл сұрап көрейін, — деп бұйырды. Олар: — Ендор қалашығында аруақ шақыратын бір сәуегей әйел бар, — деді.

8

Саул өзін танымайтындай етіп киімін өзгертіп киінді. Екі жігітін ертіп алып, сол жаққа қарай жүріп кетті. Олар түн ішінде әйелге келді. Саул одан: — Өтінемін, мен үшін сәуегейлік жасап, айтқан адамымның аруағын шақырып беріңізші, — деп сұрады.

9

Әйел: — Саулдың не істегенін білетін шығарсыз. Ол аруақ шақыратын бақсы-балгерлер мен сәуегейлерді елден аластатып жіберді ғой. Сіз неге көзімді құртпақ болып, маған тұзақ құрып отырсыз? — деді.

10

Бірақ Саул оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: осы іс үшін ешқандай қасірет шекпейсіз, — деп ант етті.

11

Әйел: — Сізге кімді шақырып берейін? — деп сұрағанда, Саул: — Самуилді шақырыңыз, — деді.

12

Әйел Самуилді көргенде, қатты шыңғырып: — Мені неге алдадыңыз? Сіз Саулсыз ғой! — деп айқайлады.

13

Патша: — Қорықпа! Не көріп тұрсың? — деп сұрады. — Мен жер астынан шығып келе жатқан, билерге ұқсайтын біреуді көріп тұрмын.

14

— Оның түрі қандай? — Ол — үстіне ұзын шапан киген кәрі адам, — деп жауап берді әйел. Сонда Саул оның Самуил екенін білді де, басын жерге дейін иіп тағзым етті.

15

Самуил Саулға: — Сен неге мазамды алып, мені шақыртып тұрсың? — деп наразылық білдірді. Саул: — Мен қатты қорқып тұрмын. Філістірлер маған қарсы соғыс ашты. Ал Құдай менен бас тартып, енді маған не пайғамбарлар, не түс арқылы жауап бермей отыр. Сол себепті маған не істеуім керек екенін білдіру үшін сізді шақырттым, — деді.

16

Сонда Самуил оған мынаны айтты: — Жаратқан Ие өзіңнен бас тартып, жауыңа айналғаннан кейін, не үшін менен ақыл сұрайсың?

17

Жаратқан Ие мен арқылы алдын ала айтқандарын енді жүзеге асырып, патшалық билікті қолыңнан жұлып алып, маңайыңдағы біреуге, яғни Дәуітке, тапсырды.

18

Сен Құдайдың айтқанына құлақ аспай, Оның Амалекке шығарған қаһарлы үкімін орындамай кеткендіктен, Жаратқан Ие бүгін саған осыны істеп отыр.

19

Ол Исраил халқын да, өзіңді де філістірлердің қолына түсіреді: ертең сен де, ұлдарың да менің қасыма аттанасыңдар. Жаратқан Ие Исраилдің әскерін де філістірлердің қолына түсіреді.

20

Саул Самуилдің осы айтқандарынан зәресі ұшып, кенет етпетінен жерге құлап түсті. Ол бір тәулік бойы нәр татпағандықтан әлсіреп қалған еді.

21

Әйел Саулдың қасына келіп, оның қатты қорқып кеткенін көріп: — Тақсыр ие, мен сіздің айтқаныңызға құлақ асып, басымды өлімге тігіп, тілегіңізді орындадым.

22

Енді сіз де менің айтқаныма құлақ аса көріңіз. Сізге дастарқан жайып, аздап тамақ алып келейін. Содан дәм татып, жөніңізге кету үшін әлденіп аларсыз, — деді.

23

Саул: — Ештеңе жемеймін, — деп бас тартты. Бірақ екі нөкер жігіті мен әйел оны көндіріп, Саул орнынан тұрып, төсек үстіне жайғасып отырды.

24

Әйелдің қорада бордақыланған өгізшесі бар болатын. Соны тездетіп сойып, етін пісіріп, ұннан қамыр илеп, ашытқысыз нан пісірді.

25

Осыларды Саул мен нөкерлеріне ұсынды. Олар тамақ ішіп болған соң сол түні кетіп қалды.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010