Киелі таңдаулар
Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010

1 Самуел 26

1

Зифтің халқы қайтадан Гибеяда тұрып жатқан Саулға барып, Дәуіттің Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырында жасырынып жүргені туралы айтып берді.

2

Саул қасына елдегі үш мың таңдаулы жауынгерді ертіп алып, Дәуітті іздеуге Зиф маңындағы елсіз аймаққа қарай аттанып,

3

Есімонға қарама-қарсы жатқан Һақила қырындағы жолдың бойына қосын тікті. Елсіз қыратта жүрген Дәуіт өзін Саулдың іздеп, соңына түскенін ұғынды.

4

Содан ол барлаушыларын жіберіп, Саулдың шынымен келгенін анықтап білді.

5

Мұнан кейін Дәуіт Саулдың қос тіккен жеріне жақындап, (қырат басынан) Саул мен қолбасшысы Нер ұлы Әбенирдің қай жерде жатқандарын мұқият қарап алды. Саул бекінген тұрақтың ортасында, ал жауынгерлері оны айналдыра қоршап жатыр екен.

6

Дәуіт хеттік Ахимәліктен және Сарұяның ұлы, Жоғабтың інісі Әбішайдан: Менімен бірге Саулдың қосына қайсың барасың? — деп сұрағанда, Сізбен бірге мен барайын, — деп, Әбішай баратын болды.

7

Дәуіт пен Әбішай түн жамылып, әскер қосына қарай төмен түсті. Саул бекінген тұрақтың ортасында, сүңгісі бас жағында жерге қадаулы күйі ұйықтап, ал Әбенир мен жауынгерлер оны қоршап жатыр екен.

8

Әбішай Дәуіттен: — Бүгін Құдай жауыңызды қолыңызға түсіріп отыр. Оны сүңгімен жерге қадап тастауға рұқсат етіңіз. Мен бір ұрсам болды, екінші рет ұрып жатпаймын! — деп өтінген еді.

9

Бірақ Дәуіт оған тыйым салып: — Оны өлтіруші болма! Жаратқан Ие тағайындаған патшаға қол көтерген адам айыпсыз қалмайды.

10

Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Оның Өзі Саулды өлтіретін болады. Не уақыты жетіп қайтыс болады, не соғысқа шығып қаза табады.

11

Бірақ Өзінің тағайындаған патшасына қол тигізу дегеннен Жаратқан Ие сақтай көрсін! Одан да бас жағындағы сүңгісі мен құмырасын ал, сосын кетейік, — деген еді.

12

Осылай Дәуіт Саулдың бас жағындағы сүңгісі мен су құятын құмырасын алып, екеуі сол жерден кетіп қалды. Ешкім оларды көрген де, білген де жоқ, тіпті ешкім оянған да жоқ. Жаратқан Ие жауынгерлерді терең ұйқыға батырғандықтан бәрі қатты ұйықтап жатты.

13

Дәуіт сайдың арғы бетіне өтіп, әскер қосынан алысырақ жердегі қырат басына шықты. Олардың арасы бірталай қашық болды.

14

Сол жерден Дәуіт әскерге және Нер ұлы Әбенирге тіл қатып: — Мені естіп тұрсың ба, Әбенир! — деп дауыстады. Ол: — Айқайлап, патшаны мазалап тұрған сен кімсің, өзі? — деп жауап берді.

15

Дәуіт: — Әбенир, сен ер жігітсің ғой! Исраил елінде саған тең келер ешкім жоқ! Олай болса, неге патшаңды дұрыстап қорғамайсың? Себебі патшаны құрту үшін халық арасынан біреу келіп кетті!

16

Сенің бұның дұрыс емес. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Сендер өлім жазасына лайықсыңдар! Өйткені өз иелеріңді, Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын дұрыстап күзетіп қорғамадыңдар! Іздеп көр: патшаның бас жағындағы сүңгісі мен құмырасы қайда? — деп айқайлады.

17

Дәуіттің даусын таныған Саул: — Бұл сенбісің, Дәуіт балам-ау? — деп сұрады. — Иә, патша ием! — деп жауап берген Дәуіт

18

сөзін жалғастырып былай деді: — Уа, патша, бұл пендеңіздің соңына неге түсіп жүрсіз? Мен не істеп қойдым, жазығым не?

19

Тақсыр ием, айтқаныма құлақ аса көріңіз! Егер сізді маған қарсы қойып отырған Жаратқан Ие болса, онда Ол күнәмнің құнын өтейтін құрбандығымды қабылдай көрсін. Ал егер осыны істеп отырған адамдар болса, оларды Жаратқан Иенің қарғысы атпақ. Олардың мені Жаратқан Иенің өз жерінен қуып жүргендері Кет, жалған тәңірлерге табын! деп азғырумен тең.

20

Жаратқан Иеден алыс жерде қанымның төгілуіне жол бермеңіз! Исраилдің патшасы бір бүргені қудалап, таудағы құр құсының ізіне түскендей, соңымнан қалмай қуып жүр! —

21

Сонда Саул былай деп дауыстады: — Мен күнә жасадым. Қайтып кел, Дәуіт балам! Өмірімді қымбат көріп, бүгін мені өлтірмегенің үшін бұдан былай саған жамандық істемеймін! Мен ақымақтық жасап, өте көп қате жібердім.

22

Ал Дәуіт оған былай деп жауап қатты: — Мынау — патшаның сүңгісі! Бір нөкер жігітіңіз келіп, оны алып кетсін.

23

Жаратқан Ие әрбір адамға оның әділдігі мен сенімділігіне қарай сыйын береді. Жаратқан Ие сізді бүгін қолыма берсе де, мен сізге қарсы қол көтеруден бас тарттым. Өйткені Жаратқан Иенің тағайындаған патшасысыз.

24

Сіздің өміріңізді бүгін қалай қымбат көрген болсам, Жаратқан Ие де менің өмірімді солай қымбат көріп, қиындық атаулыдан құтқара көрсін! —

25

Саул: — Жарылқана бер, Дәуіт балам! Небір істерді тындырып, жеңіске қол жеткізетін боласың, — деп оған батасын берді. Содан соң Дәуіт өз жөніне кетті, ал Саул сарайына оралды.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010