Киелі таңдаулар
Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010

1 Самуел 25

1

Осы аралықта Самуил пайғамбар қайтыс болып, бүкіл Исраил халқы Рамаққа жиналды. Олар оны жоқтап аза тұтып, мәйітін үйінің қасындағы қабірге қойды. Мұнан кейін Дәуіт Мағон маңайындағы елсіз аймаққа қарай ығысты.

2

Мағон қаласында бір өте бай адам тұрып жатты. Оның үш мың қойы, бір мың ешкісі және көршілес Кәрмел қаласының маңында жайылымдық жері де бар болатын.

3

Бұл кісінің есімі Набал, әйелінің есімі Әбигел еді. Әбигел ақылды да сымбатты, ал күйеуі Набал қатыгез де қара ниетті болатын. Набал Халептің үрім-бұтағынан шыққан еді. Сол уақытта Набал Кәрмелде қойларын қырқып жатты.

4

Қыратты далада жүрген Дәуіт бұл туралы естіп,

5

жас жігіттерінің онын Набалға жұмсап, оларға мынадай тапсырма берді: — Кәрмелге көтеріліп, Набалмен амандасыңдар. Оған сәлемімді жеткізіп,

6

былай деңдер: Жеке басыңызға, үй ішіңізге, бүкіл иелігіңізге амандық пен тыныштық тілейміз.

7

Қазір қойларыңызды қырқып жатқаныңыз туралы естідім. Шопандарыңыз жанымызда жүргенде, біз оларға ешқандай жәбір көрсеткен емеспіз. Қайта, Кәрмелдің маңында малдарын бағып жүрген бүкіл уақытта олардан бірде-бір тұяқ жоғалған жоқ!

8

Осыны қызметшілеріңізден сұрасаңыз болғаны, өздері-ақ айтып береді. Той үстіне келіп қалған екенбіз, мына жіберген жас жігіттерімді жылы шыраймен қарсы ала көріңіз. Осы қызметшілеріңіз және ініңіз Дәуітпен қолыңыздағы барыңызбен бөліссеңіз екен.

9

Жігіттер Дәуіттің сәлемін Набалға түгелдей жеткізіп болып, үнсіз күтіп тұрып қалды.

10

Бірақ Набал оларға дөрекі жауап беріп: — Дәуіт деген кім өзі? Есейдің бұл баласы кім екен? Бүгінде қожаларынан қашып, босып жүрген құлдар толып жүр!

11

Неліктен наным мен сусынымды, қырықтықшыларыма арнап сойылған малымның етін қайдан келе қалғаны белгісіз біреулерге бере салуым керек?! — деді.

12

Жігіттері қайтып келіп, осы сөздердің барлығын Дәуітке баяндап берді.

13

Сонда ол адамдарына: Семсерлеріңді асыныңдар! — деп бұйырды. Бәрі де, Дәуіттің өзі де семсерлерін асынып алды. Төрт жүздей адам онымен бірге аттанып, қалған екі жүзі тұрақтаған жерлерін күзетіп қалып қойды.

14

Набалдың бір қызметшісі оның әйелі Әбигелге бұл туралы былай деп хабарлады: Дәуіт қыратты аймақтан хабаршылары арқылы қожайынымызға сәлемін жолдаған еді. Бірақ ол соларды балағаттап, қайтарып жіберді!

15

Алайда сол кісілер бізге көп жақсылық жасап келді. Жайлауда олардың жанында жүргенімізде бізге ешқандай жәбір көрсеткен жоқ. Бірде-бір нәрсеміз жоғалған да емес.

16

Қайта, қастарында қой баққан кездерімізде бізді қамал сияқты күні-түні қорғап жүрді.

17

Ал енді, не істеу керектігін өзіңіз ойланып көріңіз: мырзамызға және оның бүкіл үй ішіне қауіп төніп тұр! Қожайынымыз — арсыз адам, онымен ешкім батып сөйлесе алмайды ғой.

18

Сонда Әбигел дереу екі жүз таба нан, екі мес шарап, бес қойдың етін, бір қап қуырылған бидай, жүз бума мейіз және екі жүз бума кепкен інжір жемістерін алып, бәрін есектерге артты.

19

Әйел қызметшілеріне: Менен бұрын кете беріңдер! Мен арттарыңнан шығамын, — деп бұйырды. Күйеуі Набалға ол бұл туралы тіс жарған жоқ.

20

Есекке мінген Әбигел таудың ық жағымен төмен түсіп бара жатқанда, Дәуіт жігіттерімен басқа жақтан оған қарсы төмен түсіп келе жатыр екен. Осылайша олар бір-бірімен кездесті.

21

Ал Дәуіт Набалға қатты өшігіп: Сол кісінің қыратты аймақтағы бүкіл мал-мүлкіне қарап, ештеңесін жоғалтпай күзеткенім бекер болыпты! Ол істеген жақсылығыма жамандықпен қайтарып отыр, міне!

22

Егер таң атқанша оның иелігіндегі еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырсам, Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын! — деген болатын.

23

Әбигел Дәуітті көрген бойда есегінен түсе қалып, оның алдында басын жерге дейін иіп тағзым етті.

24

Оның аяғына жығылып, былай деп өтініш жасады: — Тақсыр ием, кінә өз мойнымда! Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз!

25

Тақсыр ием, сол арсыз Набалға көңіл бөлмеңіз. Есімінің Ақымақ дегенді білдіретініндей, өзі де барып тұрған ақымақ. Ал мен жіберген жігіттеріңізді көрмей қалдым.

26

Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шындықты айтамын: енді Жаратқан Ие сізді қан төгіп өз қолыңызбен кек алудан сақтап қалып отыр. Барлық жауларыңызға және сізге жамандық тілейтіндерге Құдай сол Набал тартуға тиісті жазаны тартқызсын!

27

Мынау — нөкер жігіттеріңізге беру үшін мендей күңіңіздің тақсыр иесіне алып келген сыйлары.

28

Тақсыр, күңіңіздің кінәсін кешіре көріңіз. Жаратқан Ие өзіңізге және әулетіңізге тұрақты патшалық құрғызады. Себебі Жаратқан Ие үшін соғысып жүрсіз, әрі өмір бойы ешбір зұлымдық жасамай келесіз.

29

Өлтіру үшін сізді біреу қуып жүрсе де, Құдай Иеңіз өміріңізді көзінің қарашығындай сақтайды, ал жауларыңыздың өмірлері сақпаннан атылған тас іспетті ғайып болады.

30

Тақсыр, Жаратқан Ие алдын ала уәде еткен игіліктерінің бәрін сыйлап, сізді Исраилдің басшысы етіп қойған кезде,

31

адам баласының қанын бекерден-бекер төгіп, кегімді қайтардым-ау деген ой өзіңізді мазалап жегідей жемейтін болады. Лайым Жаратқан Ие сізді жарылқасын! Өзіңіз күңіңізді есіңізден шығара көрмеңіз.

32

Сонда Дәуіт Әбигелге былай деп жауап берді: — Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шүкірлік!

33

Зор даналығыңмен мені бүгін қан төгіп, кек алудан сақтап қалғаның үшін сені жарылқай көрсін!

34

Мені өзіңе жамандық істеуден бөгеп қалған — Исраилдің мәңгі тірі Құдай Иесі. Оның Өзі мынаған куә: егер сен осылай тездетіп алдымнан шықпағаныңда, таң атқанша сол Набалдың еркектерінің бірде-біреуін тірі қалдырмаған болар едім!

35

Дәуіт Әбигелдің қолынан алып келген сыйлық дәмін қабылдап: — Аман-есен үйіңе қайта бер. Сөздеріңе құлақ астым, бетіңді қайтармаймын, — деп онымен қоштасты.

36

Әбигел үйіне қайтып келгенде, Набал патшаның тойындай етіп дүркіретіп той өткізіп жатыр екен. Көңілі көтеріңкі, өзі әбден мас болып алыпты. Әйелі оған таңертеңге дейін ләм-мим деген жоқ.

37

Ертеңгісін Набалдың мастығы тарқағанда, әйелі оған болған жайттың бәрін айтып берді. Сонда оның жүрегі шыдамай, тастай қатып сіресіп қалды.

38

Шамамен он күннен кейін Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді.

39

Дәуіт Набалдың өлгені туралы естігенде: Жаратқан Иеге шүкірлік! Ол Набалдың мені масқаралағанын әшкерелеп, өзімді ақтады, әрі жамандық жасаудан сақтап қалды. Енді Набалдың істеген зұлымдығын оның өз басына қайтарды! — деді. Кейін Дәуіт араға кісі салып, Әбигелге үйленбек ниетін білдірді.

40

Уақыты жеткенде Дәуіттің қызметшілері Кәрмелге барып, Әбигелді: — Дәуіт бізді сізге жіберді. Оған күйеуге шығу үшін бізге еріп жүрсеңіз екен, — деп шақырды.

41

Сонда Әбигел басын жерге дейін иіп тағзым етіп: — Тақсыр ием Дәуіттің күңімін. Оның қызметшілерінің аяқтарын жуатын күңі болуға дайынмын, — деді.

42

Әбигел дереу жолға жиналып, есегіне мініп, қасына бес қызметші қызын ертіп алды. Осылай ол Дәуіттің жолдас жігіттеріне ілесіп барып, Дәуітке күйеуге шықты.

43

Сонымен Дәуіттің екі әйелі болды, ол ізрелдік Ахиноғамға да үйленген еді.

44

Ал Саул Дәуітке ұзатқан қызы Михолды Дәуіттің жоқ кезінде ғалимдық Лаиш ұлы Палти есімді біреуге қосқан болатын.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010