Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 1

Қайталау 2

3 →
1

Бұдан кейін біз Жаратқан Иенің маған берген нұсқауы бойынша Қамысты теңіздің бағытында иен далаға қарай бет алдық, әрі Сейір атты таулы аймақты айналдыра ұзақ уақыт бойы көшіп-қонып жүре бердік.

2

Содан соң Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:

3

Осы таулы жерді айналдыра шарлағандарың жетер. Енді солтүстікке қарай бет алыңдар!

4

Халыққа мына бұйрығымды жеткіз: Сендер өз ағайындарың — Есаудың үрім-бұтағы мекендеген Сейір аймағынан өткелі тұрсыңдар. Олар сендерден қорқатын болады, ал өздерің де өте сақ болып,

5

еш тиіспеңдер. Сендерге олардың елінен тіпті бір табан жер де бермеймін. Себебі Мен осы таулы Сейір аймағын Есаудың меншігіне беріп қойғанмын.

6

Жейтін тамақ пен ішетін суды олардан күміс төлеп сатып алыңдар!

7

Өйткені Құдайларың Жаратқан Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқап келеді. Осы қырық жыл бойы мына кең-байтақ далада жүргенде Құдай Ие сендерді қорғап жүрді. Оның Өзі бірге жүріп сендерге жар болғандықтан, еш нәрседен таршылық көрген жоқсыңдар.

8

Сонда біз таулы Сейір аймағында тұрып жатқан ағайындарымыз — Есаудың ұрпақтарының жанынан өтіп, Араба деген елсіз алқаптағы жолдан бұрылып, Елат пен Есион-Гәбер қалаларына жақындамай, Моаб еліндегі құла түзге қарай бағыт алдық.

9

Жаратқан Ие маған былай деп нұсқау берді: Моабтықтарға тиісіп, олармен соғыс бастаушы болмаңдар! Мен олардың жерінен сендерге ешқандай үлес бермеймін. Мен Ар қаласын Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын.

10

Моаб халқынан бұрын сонда емдіктер тұрған еді. Емдіктер Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын.

11

Анақтықтар сияқты олар да рафалықтарға жататын, ал моабтықтар оларды емдіктер деп атайтын.

12

Сейір аймағында ежелде хорлықтар да тұратын еді. Алайда Есаудың ұрпақтары оларды елден қуып шығып, орындарына өздері қоныстанып алған болатын. Кейінірек исраилдіктер де Жаратқан Ие өздерінің меншігіне табыстаған елге солай қоныстанатын болды.

13

Жаратқан Ие: Ал енді, жиналып, Зәред аңғарынан өтіңдер! — деп бұйырды. Сонда біз Зәред аңғарынан өттік.

14

Қадеш-Барниден шығып, Зәред аңғарынан өткенге дейінгі аралықта отыз сегіз жыл өткен болатын. Жаратқан Иенің оларға антпен алдын ала білдіргеніндей, Исраил қонысындағы соғысқа жарамды ер адамдардың барлығы сол отыз сегіз жыл ішінде қайтыс болып бітті.

15

Олар халқымыздың арасынан түгелдей құрып біткенге дейін Жаратқан Иенің қолы оларға қарсы көтеріліп тұрды.

16

Сол жауынгерлердің барлығы қайтыс болғаннан кейін

17

Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді:

18

Бүгін Ар қаласының маңында Моабтың шекарасынан өтіп,

19

Аммон еліне жақындап барыңдар. Оларға тиісіп, соғыс бастаушы болмаңдар! Мен сендерге аммондықтардың жерінен ешқандай үлес бермеймін, оны Луттың ұрпақтарының меншігіне беріп қойғанмын.

20

Осы өлке рафалықтардың жері деп те саналатын, себебі оны ежелде рафалықтар мекендеген еді. Аммондықтардың өздері рафалықтарды замзумдықтар деп атайтын.

21

Сол рафалықтар да Анақтың ұрпақтарындай зор денелі, саны көп, ұлы халық болатын. Бірақ Жаратқан Ие оларды аммондықтардың алдынан құртқан еді. Бұлар рафалықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныс тепті.

22

Жаратқан Ие Сейір аймағындағы хорлықтарды да құртқан болатын. Едомдықтар хорлықтарды елдерінен қуып шығып, сонда қоныстанып алып, қазірге дейін тұрып жатыр.

23

Ал бұрын Газа қаласына дейінгі елді мекендерде тұрған ауилықтарға келсек, Крит аралынан көшіп келген криттіктер оларды қырып-жойып, жерлеріне өздері қоныстанып алды.

24

Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып тағы былай деді: Ал енді, жолға шығып Арнон аңғарынан өтіңдер! Біліп алыңдар, Мен Хешебон патшасы — аморлық Сихонды және оның елін қолдарыңа беріп отырмын. Онымен соғысып, жерін иемденуге ұмтылыңдар!

25

Бүгіннен бастап Мен аспан астындағы күллі халықтарды сендерден үрейленіп қорқатын қыламын. Олар өздерің туралы естігенде қалтырап абыржитын болады.

26

Мұнан кейін мен Кедемот атты иен даладан елшілерім арқылы Хешебон патшасы Сихонға мына сәлемімді жіберіп, бейбітшілік туралы ұсыныс жасадым:

27

Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Сонда оңға да, солға да бұрылмай, тек басты жолмен еліңізден өтіп шығамыз.

28

Жейтін тамағымыз бен ішетін суымызды сіздерден күміске сатып аламыз. Тек жеріңіз арқылы жаяу жүріп өте шығуға рұқсат етсеңіз екен.

29

Есаудың Сейір елінде тұратын ұрпақтары мен Арда тұратын моабтықтар да бізге рұқсат берген болатын. Осылай біз Иордан өзенінен өтіп, Құдайымыз Жаратқан Иенің бізге бергелі отырған еліне енетін боламыз.

30

Бірақ Хешебон патшасы Сихон бізге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермеді. Себебі Құдай Иеміз оның ой-санасы мен жүрегін қасарыстырып қойды. Ондағы мақсаты Сихонды сендердің қолдарыңа түсіру еді. Бұл солай болды да.

31

Сонда Жаратқан Ие маған тіл қатып былай деді: Міне, Мен Сихонды және оның елін сенің қолыңа тапсыра бастадым. Енді елін басып алып, иемденуге ұмтыл!

32

Сихон өзінің бүкіл жасағымен бізге қарсы шайқасуға Яхасқа аттанды.

33

Бірақ Құдай Иеміз оны қолымызға табыстап, біз оны ұлдарымен және күллі жасақшыларымен бірге ойсырата жеңдік.

34

Сол кезде оның барлық қалаларын қолға түсіріп, олардың күллі тұрғындарын Жаратқан Иеге бағыштап жойып, бірде-бір еркек, әйел, бала-шағасын тірі қалдырмадық.

35

Тек малдары мен қолға түскен қалаларындағы дүние-мүлкін ғана олжалап алдық.

36

Арнон аңғарының үстіндегі қырда орналасқан Арогерден және аңғардың өзіндегі қаладан бастап (солтүстіктегі) Ғилақадқа дейінгі аралықта біз басып ала алмаған бірде-бір бекіністі қала қалмады. Солардың барлығын Құдайымыз Жаратқан Ие біздің қолымызға тапсырды.

37

Тек Құдай Иеміздің бұйрығына сай, аммондықтардың ешбір жеріне: Ябок өзенінің бүкіл бойына және таулы жердегі қалаларға басып кірген жоқпыз.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010