Киелі таңдаулар
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010

Актілер 10

1

Сол кезде Кесарияда Корнел есімді кісі тұратын. Ол Италиялық жасақ деп аталған әскер бөлімінің жүзбасы еді.

2

Үй ішімен шын жүректен Құдайды қастерлейтін Корнел яһуди халқының кәріп-қасерлеріне көп қайырымдылық жасап, ұдайы Құдайға сиынып мінажат етіп жүретін.

3

Бір күні түс қайта сағат үш шамасында Корнел Құдайдың бір періштесінің берген аянын анық көрді. Періште үйге кіріп, Корнелдің қарсы алдына тұра қалып: — Корнел! — деп тіл қатты.

4

Одан көз алмай, шошып кеткен жүзбасы: — Мырза, не істеуім керек? — деп сұрады. Періште: — Сенің еткен мінажатың және жарлыларға көрсеткен қайырымдылығың Құдай алдына жетті; Ол соларды мейірлене ескереді.

5

Енді біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір деген адамды шақырт.

6

Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр, — деп жауап берді.

7

Өзімен сөйлескен періште ғайып болып кеткеннен кейін Корнел қызметшілерінің екеуін және өзіне қызмет етіп жүрген жасақшыларының біреуін шақырып алды; ол да Құдайды қастерлейтін кісі еді.

8

Соларға бәрін айтып түсіндіріп, Иоппеге жіберді.

9

Келесі күні бұлар қалаға жақындап қалғанда, Петір түс кезінде мінажат ету үшін үйдің төбесіне көтерілді.

10

Оның қарны ашып, тамақ жегісі келіп кетті. Ас дайындалып жатқан кезде Петір бір ерекше күйге енді.

11

Сонда ол көктің ашылып, одан үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсенің төмендеп келе жатқанын көрді; дастарқан төрт бұрышынан ұсталған күйі жерге қарай түсіріліп келе жатты.

12

Оның ішінде алуан түрлі төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстар бар екен.

13

Бір дауыс: — Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же! — деп бұйырды.

14

Петір: — Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін, — деп жауап берді.

15

Дауыс екінші рет естіліп: — Құдай тазалағанды сен арам деп айтпа! — деді.

16

Осы көрініс үш рет қайталанып, содан дастарқан дереу көкке көтеріліп кетті.

17

Петір көрген аянының нені білдіретінін түсіне алмай тұрғанда, Корнел жіберген жігіттер Шимонның үйін іздеп, қақпа алдына тоқтады.

18

Олар: Осы үйде Шимон Петір деген қонақ бар ма екен? — деп дауыстап сұрады.

19

Петір көрген аяны туралы әлі ойланып тұрғанда, Киелі Рух оған: Қарашы, сені үш жігіт іздеп келді.

20

Орныңнан тұрып, жерге түс; ойланбай-ақ солармен бірге жолға шық! Себебі оларды Мен жібердім, — деп тапсырды.

21

Петір төмен түсіп, жігіттерге жолығып: — Сендер іздеп жүрген кісі менмін. Бұл жерге не себептен келдіңдер? — деп сұрады.

22

Олар былай деді: — Бізді Корнел есімді жүзбасы жіберді. Ол — әділ, Құдайды қастерлейтін және бүкіл яһуди халқы сыйлайтын кісі. Оған Құдайдың қасиетті періштесі сізді өз үйіне шақырып, айтқан сөздеріңізге құлақ асуды бұйырған еді. —

23

Петір оларды үйге шақырып, қонақ қылды. Келесі күні дайындалып, солармен бірге жолға шықты. Иоппедегі бауырластарының біразы оған еріп жүрді.

24

Бір күннен кейін олар Кесарияға жетті. Корнел барлық туған-туысқандары мен жақын достарын үйіне шақырып, бұларды күтіп отыр екен.

25

Петір үйге кіргенде, Корнел оның алдынан шығып құрметтеп, аяғына жығылды.

26

Петір: Түрегеліңіз, мен де сіз сияқты пендемін, — деп, оны тұрғызып алды.

27

Корнелмен сөйлескен бойы үйге кірді. Үй толы кісі екенін көріп,

28

Петір оларға былай деп тіл қатты: — Мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен араласуға не үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынған, мұны білесіздер. Бірақ Құдай маған ешбір адамға қасиетсіз яки арам деп қарамау керек екенін білдірді.

29

Сондықтан мен шақыруларыңыздан бас тартпай, осы жерге келіп тұрмын. Ал енді мені не себептен шақырғандарыңызды білгім келеді.

30

Сонда Корнел былай деді: — Үш күн бұрын мен үйде Құдайға сиынып мінажат етіп отырған едім. Уақыт қазіргі сияқты түстен кейінгі сағат үштің кезі болатын. Кенеттен киімдері жарқыраған бір ер адам алдыма тұра қалып:

31

Корнел, сенің мінажатың Құдайдың құлағына жетіп, жарлыларға көрсеткен қайырымдылығыңды Ол мейірлене ескереді.

32

Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петірді шақырт. Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр, — деді.

33

Содан мен сізге дереу кісі жібердім, келгеніңіз өте жақсы болды. Қазір бәріміз осы жерде Құдай алдында отырып, Иеміздің сізге айтуға тапсырған барлық сөздерін тыңдағымыз келеді.

34

Сонда Петір былай деп сөзін бастады: Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым.

35

Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды.

36

Құдай Исраил халқына Өзінің Иса Мәсіх арқылы адамзатпен татуласуы жайлы Ізгі хабарды жіберді: Мәсіх — бәрінің де Иесі!

37

Жақия адамдардың шомылдыру рәсімінен өтуі туралы уағыз айтқан еді; содан кейін Ғалилеядан бастап барлық яһуди елінде болған оқиғаларды да білесіздер:

38

Құдай Өзінің Киелі Рухы мен құдіретін назареттік Исаға дарытты. Ол игі істер жасап, шайтанның құрсауындағы адамдарды азат етіп сауықтырып, ел аралап жүрді, өйткені Құдай Оған жар болды.

39

Біз Исаның яһуди елінде және Иерусалимде істеген істерінің бәріне куәміз. Ал соңында дұшпандары Оны ағашқа шегелеп іліп өлтірді.

40

Алайда үшінші күні Құдай Исаны қайта тірілтіп алып, бүкіл халыққа емес, Өзі куә болуға алдын ала таңдап алған біздерге көрсетті. Иса өлімнен қайта тірілгеннен кейін біз Онымен дастарқандас болып бірге ішіп-жедік.

41

Ол бізге халыққа: Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісі — Сол! — деп жариялап, куәлік келтіруге әмір етті.

42

Барлық пайғамбарлар Иса туралы: Оған сенген әркімнің күнәлары Оның арқасында кешіріледі дегенге алдын ала куәлік келтірген.

43

Петір осы сөздерді әлі айтып тұрған кезде, Ізгі хабарды тыңдап тұрғандардың бәріне Киелі Рух қонды.

44

Петірмен бірге келген сенуші яһудилер Құдайдың басқа ұлт адамдарының да үстіне Өзінің Киелі Рухын құйып сыйлағандығына қатты таңғалды.

45

Себебі олар солардың түрлі тілдерде сөйлеп, Құдайды мадақтап тұрғандарын естіді. Сонда Петір:

46

— Мыналардың суға шомылдыру рәсімінен өтулеріне тыйым салуға бола ма? Олар да Киелі Рухты біз сияқты қабылдады ғой! — деп жауап беріп,

47

оларды Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткізуге бұйырды. Мұнан кейін олар Петірден бірнеше күнге араларында қалуын өтінді.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010