Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 26

Санау 27

28 →
1

Бір күні Салопахадтың қыздары: Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса жамағаттың алдына шықты. Олардың әкесі Салопаход Хефердің ұлы, Ғилахадтың немересі, Махырдың шөбересі еді, ол Жүсіптің ұлы Манасаның руына жататын.

2

Осы қыздар кездесу шатырының кіреберісінің маңына Мұсаның, діни қызметкер Елазардың, жетекшілердің және бүкіл жамағаттың алдына шығып, былай деп өтініш жасады:

3

Әкеміз иен далада көз жұмған еді. Соңынан ұл қалмады. Ол Жаратқан Иеге қарсы шыққан Қорахтың сыбайластар тобына қосылған жоқ, (өзге пенделер іспетті) өз күнәсі үшін өлді.

4

Артынан қалған ұлы жоқ болғандықтан, әкеміздің аты өз әулетінен өшіп қалуға тиіс пе? Сол себептен бізге әкеміздің ағайындарының арасынан мұралық жер үлестіріп берсеңіз екен.

5

Сонда Мұса олардың даулы мәселесін Жаратқан Иенің алдына жеткізді.

6

Жаратқан Иенің Мұсаға берген жауабы мынау болды:

7

Салопахадтың қыздары дұрыс айтады. Оларға әкесінің ағайындарының арасынан, сөзсіз, мұралық жер үлестіріп беруің керек. Әкелеріне тиесілі мұралық жерін қыздарына табыста.

8

Исраилдіктерге мынаны айт: егер біреу артынан ұл қалдырмай қайтыс болса, онда оның мұралық жерін қызына табыстаңдар.

9

Егер қызы да болмаса, онда мұралық жерін туған ағайындарына беріңдер.

10

Егер туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді қайтыс болған адамның әкесінің туған ағайындарына табыстаңдар.

11

Ал егер әкесінің туған аға-інісі де болмаса, онда мұралық жерді марқұмның әулетінің ішіндегі ең жақынының иелігіне беріңдер. Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай, бұл шешім исраилдіктерге арналған ереже болуға тиіс.

12

Содан соң Жаратқан Ие тіл қатып Мұсаға былай деді: Абарим қыратындағы мына таудың басына шық. Мен исраилдіктерге табыстағалы тұрған елге көз таста.

13

Соны көргеннен кейін ағаң Һарон сияқты сен де ата-бабаларыңның қасына жөнелесің.

14

Себебі қауым Сін атты елсіз далада Маған қарсы бас көтергенде, екеуің де Менің бұйрығыма бағынбай, жартастан су аққызған кезімде олардың алдында Мені қастерлеп, киелілігімді көрсетпедіңдер. — Бұл оқиға Сін даласындағы Қадештің маңындағы Меріба суының қасында болды.

15

Мұса Жаратқан Иеге былай деп жауап берді:

16

Жаны бар күллі адамзаттың Құдайы — Жаратқан Ие осы қауымның үстінен біреуді жетекшілікке тағайындасын.

17

Сол кісі оларды бастап алып жүреді. Осылайша Жаратқан Иенің қауымы бағушысы жоқ бір отар қой сияқты болмайды. —

18

Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: — Бойында Менің Рухым бар адам — Нұн ұлы Ешуаны қасыңа ал да, оның үстіне қолыңды қойып бата бер.

19

Ешуаны діни қызметкер Елазардың және бүкіл жамағаттың алдына тұрғызып, олардың көз алдында оған міндетін өсиеттеп тапсыр.

20

Өзіңнің билігіңнің біразын Ешуаға табыста! Осылай Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымы оған бағынатын болсын.

21

Ешуа Менің, Жаратқан Иенің, еркін білу үшін діни қызметкер Елазардың алдында тұрсын. Елазар Нұр және Кемелділік деген қасиетті жеребелер арқылы Жаратқан Иенің алдында Оның шешімін анықтасын. Соның білдіргенімен Ешуа және барлық исраилдіктер ел қонысынан аттанып, оған қайта оралатын болсын.

22

Мұса Жаратқан Иенің берген бұйрығын орындап, Ешуаны діни қызметкер Елазар мен бүкіл жамағаттың алдында тұрғызды.

23

Содан ол Ешуаның үстіне қолын қойып бата беріп, оған міндетін өсиеттеп тапсырды. Бұның бәрі Жаратқан Иенің Мұса арқылы білдірген еркі бойынша істелінді.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010