Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 14

Санау 15

16 →
1

Кейінірек Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:

2

Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерге табыстағалы тұрған елге еніп, қоныстанатын боласың.

3

Бұдан кейін сендер Өзіме ұнамды хош иісті тартулар ұсынатын боласыңдар. Осы тартуларды адам шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде, не өзінің Жаратқан Иеге берген сертін орындау үшін, не өз еркімен немесе белгілі мейрамға орай беретін тарту ретінде бағыштай алады. Құрбандықтар мүйізді ірі қара не ұсақ малдан бола алады.

4

Сонда сый-тартуды ұсынушы адам шалатын құрбандығына қоса мынадай астық тартуын да әкелсін: ол пұттың оннан біріндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын екі қадақ зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсынуы керек.

5

Түгелдей өртелетін тарту ретінде құрбандыққа шалынған әрбір тоқтыға қоса сұйық тарту ретінде екі қадақ шарап та ұсынылсын.

6

Ал егер құрбандыққа қошқар ұсынсаңдар, оған арналған астық тартуы үш қадақ зәйтүн майымен араластырылған бір пұттың оннан екі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұны болсын.

7

Сонымен қатар сұйық тарту ретінде үш қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған хош иісті де ұнамды тарту болады.

8

Түгелдей өртелетін құрбандыққа, не берілген сертке байланысты шалынған құрбандыққа, не Өзіммен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелгенде,

9

бұқамен бірге астық тартуы ретінде бір пұттың оннан үштей мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ зәйтүн майымен араластырып ұсыну керек.

10

Соған қоса сұйық тарту ретінде бес қадақ шарап та ұсыныңдар. Бұлар Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту болады.

11

(Құрбандыққа шалынып, өртелетін) әрбір жас бұқа не қошқарға, әрбір тоқты не ешкіге қоса осы тартулар ұсынылсын.

12

Әрқайсыларың әкелген құрбандық малдарыңның санына қарай осылай істеңдер.

13

Елде туған әрбір адам Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды тарту әкелгенде, бұларын осы нұсқауға сай істеуге тиіс.

14

Араларыңда уақытша не тұрақты тұрып жатқан жат жұрттықтар Маған өртелу арқылы ұсынылатын хош иісті де ұнамды құрбандық ұсынса, олар да сендер сияқты істеулері керек.

15

Халыққа арналған ережелер сендер үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де бірдей болуға тиіс. Бұл — келер ұрпаққа да арналған тұрақты ереже. Мен Жаратқан Иемін, әрі Менің алдымда сендер де, жат жұрттықтар да бірдей боласыңдар.

16

Заңдар және шешімдер сендер үшін де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар үшін де бірдей болулары керек.

17

Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді:

18

— Исраилдіктерге мынаны айт: Мен сендерді алып бара жатқан елге жеткен соң,

19

елдің өнімін жейтін боласыңдар. Сонда Жаратқан Иеге бағышталған тарту ретінде өнімнің арнайы бөлігін ұсыныңдар.

20

Қырманның алғашқы өнімінің тартуы ретінде диірменде тартылған алғашқы ұннан пісірілген дөңгелек нанды әрі-бері тербеп Жаратқан Иеге ұсыныңдар.

21

Диірменде тартылған алғашқы ұннан Жаратқан Иеге тарту ұсынуды барлық келер ұрпақтарың да орындасын.

22

Егер Жаратқан Иенің Мұсаға берген осы өсиеттерін абайламай бұзып алатын болсаңдар,

23

яғни Жаратқан Иенің алғашқы кезден бастап Мұса арқылы берген барлық өсиеттерінің бірін болашақ ұрпақтарың да

24

абайламай бұзып алатын болса және бұл туралы ешкім де білмесе, онда бүкіл қауым бір жас бұқаны шалып, түгелдей өртеп, Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды құрбандық ретінде ұсынсын. Соған тиісті астық және сұйық тартуларын да алып келсін, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір текені шалсын.

25

Осылайша діни қызметкер Исраил халқының бүкіл қауымын күнәларының арамдығынан тазартып, олар кешіріледі. Себебі сол күнә әдейі емес, абайламай жасалған еді, әрі исраилдіктер осы теріс істері үшін Жаратқан Иеге арнап өртелу арқылы жасалатын және күнәнің құнын өтейтін құрбандықтарын шалып, өртеп ұсынған болатын.

26

Сонда бүкіл исраилдік қауым және араларында тұрып жатқан жат жұрттықтар да кешіріледі, себебі бұны бүкіл халық абайламай істеген болатын.

27

Егер бір жеке адам абайламай күнә жасаған болса, онда ол бір жасар ешкіні күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалсын.

28

Діни қызметкер абайламай күнә жасаған адам үшін оны күнәсінің арамдығынан тазартатын рәсімді Жаратқан Иенің алдында орындайды, осылайша сол адамның күнәсі кешіріледі.

29

Абайламай күнә жасаған адам тумысынан исраилдік болсын не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, екеуіне де қолданылатын заң бірдей болады.

30

Бірақ тумысынан исраилдік болсын не жат жұрттық болсын, әдейі күнә жасайтын кез келген адам сонысымен Жаратқан Иені қорлайды. Ондай адам халықтың арасынан аластатылсын.

31

Жаратқан Иенің сөзін түкке тұрғысыз деп есептеп, өсиеттерін бұзғандықтан ондай жан міндетті түрде аластатылсын. Оның кінәсі өз мойнында қалады.

32

Исраилдіктер елсіз далада жүрген кезде (араларындағы) бір адам діни демалыс күні отын жинап жүрген жерінен ұсталып қалды.

33

Ұстағандар әлгі адамды Мұса мен Һаронның және жамағаттың алдына алып келді.

34

Оған қандай шара қолдану керек екендігі анық болмағандықтан, адам қамауға алынды.

35

Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: Сол адам өлуге тиіс. Бүкіл жамағат оны қоныстың сыртына шығарып, таспен атқылап өлтірсін.

36

Бүкіл жамағат адамды қоныстың сыртына алып шығып, Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген нұсқауына сәйкес оны таспен атқылап өлтірді.

37

Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:

38

— Исраилдіктерге мынаны айт: Олар киімдерінің етектеріне арнап шашақтар жасап, оларды етектің бұрыштарына байлайтын болсын. Әр шашақтың қою күлгін түсті жіптен жасалған бауы болуы керек. Келер ұрпақтарыңның бәрі де осындай шашақтарды тағып жүретін болсын.

39

Осы шашақтар сендерге ескертпе болады. Ондағы мақсат — шашақтарды көрген сайын естеріңе Жаратқан Иенің барлық өсиеттері түсіп, соларды орындауларың, әрі өз жүректерің мен көздеріңнің құмарлығымен жүріп, Маған опасыздық жасаудан аулақ болуларың.

40

Мұны Менің өсиеттерімді әрқашан естеріңде ұстап, орындауларың үшін және осы арқылы Маған, өз Құдайларыңа, бағышталған киелі болуларың үшін істеңдер.

41

Мен сендердің Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысырдан алып шыққан Жаратқан Иемін. Иә, Мен өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Иемін.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010