Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 6

Амос 7

8 →
1

Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Ол шегіртке үйірлерін жасап шығарды. Бұл патшаның өнімі жиналып болып, одан кейінгі өнім көктеп шыға бастаған кезде болды.

2

Шегірткелер бүкіл елдегі көкті жеп қойғанда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, бізді кешіре гөр! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

3

Сонда Жаратқан Ие райынан қайтып: — Жарайды, бұлай істемеймін! — деп шешті.

4

Содан соң Жаратушы Тәңір Ие маған мына көріністі көрсетті: Тәңір Ие елді жазалау үшін от лаулатты. Сол от үлкен де терең теңізді және елдегі егістіктерді жалмап қойды.

5

Сонда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие, тоқтата көрші! Жақыптың үрім-бұтағы бұған қалайша шыдасын? Біз сондай кішкентай ғана елміз ғой! — деп жалбарындым.

6

Сонда Жаратқан Ие райынан қайтты. — Жарайды, бұлай да істемеймін! — деп шешті Жаратушы Тәңір Ие.

7

Ол маған тағы мына көріністі көрсетті: Жасаған Ие бір тік қабырғаның жанында тұр екен. Қолында тік бағытты көрсететін, ұшына бір кесек қорғасын байланған тіктеуіш жіп бар еді.

8

Жаратқан Ие менен: — Не көріп тұрсың, Амос? — деп сұрады. Мен: — Тіктеуіш жіпті, — дедім. Сонда Жасаған Ие маған тіл қатып былай деді: — Мен тіктеуіш жіпті өз халқым Исраилдің ортасына орнатамын. Бұдан былай Мен олардың күнәларына шыдамдылық көрсетпеймін!

9

Ысқақтың үрім-бұтағының биіктеу жерлердегі табыну орындары қаңырап бос қалады, Исраил елінің киелі табыну орындары ойрандалады! Сонда Мен семсермен Еробоғам патшаның әулетіне қарсы шығамын!

10

Ал Бетелдегі табыну орнының діни қызметкері Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғамға мынадай хабар жіберді: — Амос Солтүстік Исраил халқының дәл ортасында сізге қарсы үгіт жүргізіп жатыр! Біздің еліміз оның айтқан барлық сөздеріне төзе алмайды.

11

Өйткені Амос: Еробоғам семсерден қаза тауып, Исраил халқы еш шүбәсіз өз елінен жер аударылады! деп жүр.

12

Мұнан кейін Амасиях Амосқа былай деді: — Ей, көріпкел, бар! Яһуда еліне қашып кет! Наныңды сонда тауып же, пайғамбарлық сөзіңді сол жерде айт!

13

Ендігәрі Бетелде пайғамбарлық сөз айтушы болма! Бетел — патшаның сиынатын киелі жері әрі бүкіл патшалықтың құлшылық ететін үйі! —

14

Бірақ Амос Амасияхқа былай деп жауап берді: — Мен жай пайғамбар емеспін, пайғамбардың шәкірті де болған емеспін. Мен мал бағып, тұт ағаштарын өсіріп, жемістерін жинаумен айналысатынмын.

15

Ал Жаратқан Ие мені отардың соңынан шақырып алып, Барып, халқым Исраилге Менің хабарымды жеткіз! деп тапсырма берді.

16

Ал енді, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Сен Маған: Солтүстік Исраилге қарсы пайғамбарлық сөз айтпа! Ысқақтың үрім-бұтағына қарсы сөйлеме! дейсің.

17

Сол үшін Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің әйелің қалада жезөкше болып, ұл-қыздарың семсерден қаза табады. Жеріңді басқалар өлшеуіш жіппен өлшеп бөлісіп алады. Ал сен өзің болсаң, жат жерде өлесің. Солтүстік Исраилдің бүкіл халқы өз елінен жер аударылып кетеді!

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010