Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Kazakhstan Bible 2010
← 51

Ишая 52

53 →
1

Оян, Сион халқы, оян! Күш-қуатқа бөлен! Қасиетті қала Иерусалим, салтанатты киін! Құдайсыз, күнәлі жауларың енді қайтып саған кірмейтін болады!

2

Отырған жеріңнен тұрып, шаңыңды қағып тастап, төрдегі орныңа жайғас, уа, Иерусалим! Мойныңдағы шынжырларды алып таста, тұтқындалған Сион халқы!

3

Себебі Жаратқан Ие былай дейді: Сендер ақшаға сатылмай-ақ құлдыққа түстіңдер. Енді құн төленбей-ақ босатыласыңдар!

4

Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: Ежелде Менің халқым Мысырға барып, жат жерлік кірмелер ретінде сонда тұрған еді. Соңғы уақытта Ассур патшалығы оларға зорлық-зомбылық көрсетіп келді.

5

Ал енді, мына жағдай не? — дейді Жаратқан Ие. — Жау халқымды құнын төлемей-ақ айдап алып кетіп, билеп-төстейді. Сол ісіне шулап мақтанады. Менің атым күн ұзағына қорланады.

6

Алайда болашақта Менің халқым атымды мойындайтын болады. Қараңдар, Мен мұндамын! деп шақырған Өзім екеніме сол күні олар көздерін жеткізбек. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.

7

(Татулық туралы) ізгі хабарды жеткізушінің таудан асып келгені қандай тамаша! Ол тыныштықты жариялап, бақыттың жақсы хабарын алып келіп, құтқарылуды паш етеді. Сионға: Құдайың патшалық құрып жатыр! — деп мәлімдейді.

8

Бір үн естіледі: күзетшілерің дауыс көтеріп, барлығы да шаттана шырқайды. Олар өз көздерімен Жаратқан Иенің Сионға қайтып келгенін көреді!

9

Иерусалимнің қираған орындары, бәрің бірігіп шаттана ән шырқаңдар! Тәңір Ие өз халқына жаны ашып, Иерусалимді құтқарады.

10

Жаратқан Ие Өзінің киелі құдіретін барлық халықтардың көз алдында ашық көрсетеді. Құдайымыздың бізді құтқаруын жердің түкпір-түкпіріндегілердің барлығы көретін болады.

11

Кәне, жүріңдер, шығыңдар Бабылдан! Күнә атаулыға жоламай, сол жерден шығыңдар! Жаратқан Иенің (киелі үйінің) бұйымдарын көтеріп алып жүретіндер, өздеріңді Оған бағыштап, тазару рәсімінен өтіңдер!

12

Сендер жау елінен қашып жүгірмей, асықпай шығасыңдар. Себебі Жаратқан Ие алдарыңнан жүріп, сендерді жетелейді; Исраилдің сиынған Құдайы өздеріңді арттарыңнан да қорғап жүретін болады.

13

(Тәңір Ие былай дейді:) Біліп қойыңдар, Менің Қызметшім ақыл-парасатпен әрекет жасайды. Ол беделі артып, дәрежесі жоғары көтеріліп, ұлан-ғайыр дәріптелетін болады.

14

Оған қарап көпшілік аң-таң болды. Себебі Қызметшімнің ұсқынының бұзылғаны сонша, тіпті адам сияқты көрінбеді. Оның түр-тұрпаты адам баласына ұқсамай қалды.

15

Қызметшім көптеген халықтарды қайран қалдырады. Оның алдында патшалар да ауыздарын жабатын болады. Себебі олар өздеріне еш хабарланбағандарды енді көреді, әрі еш естімегендерді енді түсінеді.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010