← 19 21 →

Нақыл Сөздер 20

1

Шарап — қорлағыш, сыра — даурықтырғыш, Ішімдікке салынған әркім ақылсыз.

2

Патшаның қаһары — ақырған арыстан, Ашуын тұтатқан — басына пәле шақырған.

3

Жанжалға бармау адамға абырой болар, Ал ақымақ болса, жанжалға асығар.

4

Жалқау мезгілінде жерін жыртпас, Орақ кезі жеткенде өнім таппас.

5

Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, Ақылды адам олардан сарқып алар.

6

Өз мейірімін көп адам мақтан тұтар, Ал шынымен адал жанды кім табар?

7

Әділ жан мінсіз өмір сүрер, Балалары жарылқауды иемденер.

8

Сот тағында отырған патшалар Бар қылмысты көзбен сұрыптап шығарар.

9

Жүрегімді таза ұстап, күнәсіз жүрдім Деп тайсалмай айта алар еді кім?

10

Тең емес таразы, тең емес өлшем — Екеуін де жек көрер Тәңір Ием.

11

Істерін байқасаң баланың, Білесің мінезінің таза, дұрысын.

12

Еститін құлақ пен көретін көздің Екеуін де жаратты Тәңір Иең.

13

Ұйқышыл болма, тапшылыққа ұшырарсың, Қырағы болғын, тамаққа тойынарсың.

14

Сатып алушы затты тым нашар деп сынар, Ал былай шығып, арзанға алғанына мақтанар.

15

Алтын да бар, маржан да мол, Зерделі тіл — нағыз қазына сол.

16

Бөгдеге біреу кепіл болса, Шапанын шешіп алыңдар сонда, Кепілдік болсын бөгденің қарызына.

17

Адамның алдап тапқан наны тәтті, Ал кейін аузы құмға толы іспетті.

18

Ақылдасқан іс берік тұр, Соғысар алдында кеңес құр.

19

Өсек тасыған сырыңды ашар, Серігің болмасын сөзқұмар!

20

Әке-шешесін қарғағанның Жанары қара түнекте сөнер.

21

Тым ерте иемденген мұралы еншің Соңынан болмас шынайы берекең.

22

Зұлымдықтың кегін қайтарам деме, Тәңір Иеге тапсыр, Ол қолдайды сені.

23

Жаратқанға мүлдем ұнамсызы — Дәл емес өлшем тастары, Өте жаман да — жалған таразы.

24

Адамның қадамдарын Тәңір Ие белгілер, Онсыз адам жүрер жолын қайдан білер?

25

Тәңірге асыға өз меншігін бағыштау, Ал берген антына соңынан өкіну, Бұл — өзіне-өзі тұзақ құру.

26

Ақылды патша қылмыскерлерді анықтар, Кейін соларды талқандап жазалар.

27

Адамның рухы — Жаратқанның шырағы, Жүрек түкпірлерін зерттейді ол қырағы.

28

Мархабат пен ақиқат патшаны қорғайды, Мызғымас мейірімі оның тағын қолдайды.

29

Жастардың мақтанары — күш-қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы.

30

Соққының ізі адамды зұлымдықтан арылтар, Әділ жазасы жан дүниесін тазартар.

Kazakhstan Bible
Public Domain