Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 9

Көшіп Шығу 10

11 →
1

Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынға қайтадан бар! Мен перғауынның және нөкерлерінің жүректерін қасарыстырып қойдым. Мұндағы мақсатым: олардың араларында осы керемет істерім арқылы өз құдіретімді көрсетуім

2

әрі сендердің Менің мысырлықтарға билігімді қалай паш еткенім туралы балаларың мен немерелеріңе әрдайым айтып жүріп, Менің Жаратқан Ие екенімді білулерің.

3

Мұса мен Һарон перғауынға тағы да барып, былай деді: — Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Сен қашанға дейін Маған бағынудан бас тартпақсың? Халқымды Өзіме ғибадат етуге жібер!

4

Егер де жібермесең, ертең-ақ еліңе шегірткелер алып келемін.

5

Олар түк көрінбестей етіп жердің бетін жауып алып, сендерде бұршақтан аман қалғанның бәрін жалмап, даладағы барлық ағаштардың жапырақтарын да түк қалдырмай жалмап жеп қояды.

6

Өз сарайларың да, бүкіл нөкерлеріңнің және барлық мысырлықтардың үйлері де шегірткелерге толып кетеді. Мұндайды сенің ата-бабаларың осы жерге келіп қоныстанғаннан бері бүгінгі күнге дейін ешқашан көрген емес. — Мұса осыны айтысымен бұрылып, перғауынның қасынан шығып кетті.

7

Сонда перғауынның нөкерлері одан: — Бұл адам бізді қашанға дейін азапқа түсірмекші? Исраилдіктерді Құдайлары Жаратқан Иеге ғибадат ету үшін жібере көріңіз. Мысырдың құрып бара жатқанын көріп тұрған жоқсыз ба? — деп сұрады.

8

Содан Мұса мен Һарон қайтадан перғауынға әкелінді. Перғауын: — Жарайды, барыңдар, Құдайларың Жаратқан Иеге ғибадат етіңдер! Тек кімдердің баратынын айтыңдар, — деді.

9

Мұса: — Біз жас-кәрілерімізді, ұл-қыздарымызды, ұсақ және мүйізді ірі қараларымызды ала барамыз. Өйткені Жаратқан Иеге арналған мейрам тойын өткізуіміз керек, — деді.

10

— Мен сендерді бала-шағаларыңмен бірге жіберетін болсам, Жаратқан Иелерің сендерге жар болсын! Сендердің ниеттерің қара, бұл айқын көрініп тұр.

11

Жоқ, солай бола қоймас! Тек еркектерің ғана барып, Жаратқан Иеге ғибадат етсін! Сұрағандарың да сол емес пе еді? — Осылай деп, перғауын Мұса мен Һаронды қасынан қуып шықты.

12

Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды Мысырдың үстіне қарай соз. Сонда шегірткелер қаптап келіп, Мысырдың жеріне қонсын. Олар бұршақтан аман қалып, өсіп тұрғанның бәрін де жалмап қойсын.

13

Содан Мұса қолындағы таяғын Мысырдың жерінің үстіне қарай созды. Жаратқан Ие елге сол күні бір тәулік бойы шығыс жақтан жел соқтырды. Таң атқанда шығыстан соққан жел шегірткелерді жеткізді.

14

Олар бүкіл Мысырға лап қойып, сансыз үйірлерімен елдің түкпір-түкпіріне дейін басып алды. Бұған дейін мұндай қаптаған шегірткелер болған да емес, бұдан кейін де болмайды.

15

Шегірткелер жердің бетін түк көрсетпей қап-қара қылып жауып тастады да, бұршақтан аман қалған дала өсімдіктері мен ағаш жемістерін жалмап қойды. Бүкіл Мысыр еліндегі ағаштар мен өсімдіктердің көк жапырақтары мен сабақтарынан ештеңе қалмады.

16

Сонда перғауын тездетіп Мұса мен Һаронды шақырып алып, олардан: — Мен Құдайларыңыз Жаратқан Иенің алдында да, сіздердің алдарыңызда да күнә жасадым.

17

Ал енді күнәмді тағы бір жолға кешіріңіздер. Құдайларыңыз Жаратқан Ие бұл жойқын жазаны менен алып кете көрсін деп Оған сиыныңыздар, — деп өтінді.

18

Перғауыннан шығысымен Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат етті.

19

Содан Жаратқан Ие желдің бағытын өзгертіп, батыстан ерен күшті дауыл соқтырды. Дауыл күллі шегіртке атаулыны көтеріп алып, Қамысты теңізге тастады. Бүкіл Мысыр жерінде бір шегіртке де қалмады.

20

Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып, ол Исраил халқын жібермей қойды.

21

Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Қолыңды аспанға қарай соз, сонда Мысырды көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады.

22

Мұса қолын аспанға қарай созғанда, барлық Мысыр елін үш күн бойы қара түнек басты.

23

Адамдар бір-бірін көре алмай, үш тәулік бойы ешкім отырған орнынан тұрмады. Ал Исраилдің үрім-бұтағының мекендерінде жарық болды.

24

Перғауын Мұсаны шақырып алып: — Жарайды, барыңыздар, Жаратқан Иеге арнап ғибадат етіңіздер. Балаларыңыз да бірге бара берсін. Тек ірілі-ұсақты малдарыңыз ғана қалсын, — деді.

25

Ал Мұса: — Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалынатын әрі шалынып, өртеліп ұсынылатын малдарды да қолымызға тапсыруыңыз қажет, — деп жауап қайырды. —

26

Малдарымыз өзімізбен бірге жүрсін, бір тұяқты да қалдырмаймыз. Біз Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап шалатын құрбандықтарды солардың ішінен аламыз. Қандай малдарды құрбандыққа шалатынымызды тек баратын жерімізге жеткенде ғана білеміз.

27

Алайда Жаратқан Ие перғауынның жүрегін қасарыстырып қойды. Ол исраилдіктерді жібергісі келмей,

28

Мұсаға: — Кет қасымнан! Енді қайтып менің алдыма келуші болма! Көзіме түскен күні-ақ өлетін боласың, — деп қоқан-лоқы көрсетті.

29

Сонда Мұса былай деді: — Айтқаныңыздай болсын, енді қайтып (өтінішпен) алдыңызға келмеймін, — деп жауап қатты.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010