Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 40

Забур 41

42 →
1

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)

2

Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.

3

Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қашан мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын?

4

Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: Құдайың қайда? деп сұрай береді.

5

Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.

6

Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.

7

Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені.

8

Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да.

9

Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.

10

Маған жар болып келген Құдайдан: Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін? деп сұраймын.

11

Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: Құдайың қайда сенің? деп сұрайды.

12

Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010