Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 5

Естер 6

7 →
1

Сол түні патшадан ұйқы қашты. Сондықтан ол болған оқиғалар баяндалып сақталатын жылнама кітабын әкелуді бұйырды. Хатшы патшаға сол кітаптан оқып берді.

2

Сонда кіреберісті күзеткен Бигтана мен Тәреш есімді екі сарай қызметкерінің қаскүнемдігін Мардохайдың әшкерелегені туралы жазылған баяндама табылды. Сол екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырған болатын.

3

Соңында патша: — Сол Мардохайға осы үшін қандай сый-құрмет көрсетілді? — деп сұрады. Патшаның қасында қызмет көрсететін жас малайлары: — Оған ештеңе де істелген жоқ, — деп жауап берді.

4

Патша: — Аулада кім бар? — деген сауал қойды. Сол кезде Хаман енді ғана патша сарайының сыртқы ауласына кіріп келген болатын. Ол Мардохайды өзі құрғызып қойған дарға асу туралы патшамен сөйлеспек еді.

5

Жас малайлары патшаға: — Хаман аулада тұр, — деп мәлімдеді. Патша: — Кірсін! — деп бұйырды.

6

Осылай Хаман кірді. Патша оған мына сұрақты қойды: — Патша құрмет көрсетпек болған адамға не істелуі керек? — Хаман ішінен: Патша менен басқа кімге құрмет көрсетуді қалар еді? — деп ойлады.

7

Сондықтан ол былай деп жауап берді: — Патша құрмет көрсетпек болған адамға арнап

8

патшаның өзі киген арнайы шапаны, патшаның өзі мінген, басына патшалық әшекей орнатылған тұлпары әкелінсін.

9

Сол шапан мен ат патшаның ең жоғары лауазымды әміршілерінің біріне табыс етілсін. Әмірші патша құрмет көрсетпек болған адамды киіндіріп, тұлпарға мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрсін. Сондай-ақ, оның алдында жүріп: Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі! деп жар салатын болсын. —

10

Патша Хаманға: — Сен дереу өзің айтқандай шапан мен тұлпарды ал да, патша сарайының қақпасында қызмет ететін Мардохай есімді яһудиге осылардың бәрін істе! Барлық айтқандарыңның бірде-біреуін ұмыт қалдырма! — деп тапсырды.

11

Сонда Хаман шапан мен тұлпарды алып, Мардохайды киіндіріп, атқа мінгізіп, қаланың алаңымен жетелеп алып жүрді. Оның алдында жүріп: Патша құрмет көрсетпек болған адамға осылай істеледі! — деп жар салды.

12

Бұдан соң Мардохай патша сарайының қақпасына қайтты. Ал Хаман қатты түңіліп бетін бүркеп алып үйіне асығып барды да,

13

әйелі Зереш пен күллі достарына болған істі айтып берді. Сонда оның данышпан кеңесшілері мен әйелі Зереш былай деді: Сен оның алдында төмендетіле бастаған сол Мардохай шынымен яһуди тұқымынан болса, оны жеңе алмайсың. Қайта, өзің оның алдында құлайсың!

14

Олар әлі сөйлесіп тұрғанда, патшаның сарай қызметкерлері келіп, Хаманды Естер дайындаған қонақасына асықтырып алып кетті.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010