Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 9

2 Самуел 10

11 →
1

Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды.

2

Дәуіт: Әкесі Нахаштың маған жақсылық жасағанындай, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасайын, — деп ойлады. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға қызметкерлерін жіберді. Алайда елшілері Аммон еліне жеткенде,

3

аммондық әміршілер патша иелері Анонға күдіктерін білдіріп былай деді: Дәуіт мына адамдарын шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Ол қызметкерлерін қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін сізге жіберіп отыр емес пе? Кейін ол әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақшы!

4

Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындап, әрқайсысының сақалын жартысына дейін қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастады. Мұнан кейін оларды кері қайтарып жіберді.

5

Бұл туралы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер! — дегенді айтқызды.

6

Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан олар өкілдерін жұмсап, арамалықтардың Бет-Рехоб және Соба деген екі патшалығынан жиырма мың, Маханың патшасынан тағы бір мың әрі Тобтың адамдарынан он екі мың жаяу жасақшысын жалдап алды.

7

Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды.

8

Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Соба мен Рехобтың арамалықтары және Тоб пен Маханың ер азаматтары далада бөлек тұрды.

9

Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды,

10

ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды.

11

Оған былай деп бұйырған болатын: Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын.

12

Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!

13

Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде, олар қаша жөнелді.

14

Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Сонда Жоғаб аммондықтарға қарсы жорығын доғарып, Иерусалимге қайта оралды.

15

Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, бәрі бір жерге жиналды.

16

Ададәзер Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар (Ғилақад аймағындағы) Хеламға жетіп, (Арама патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді.

17

Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алды. Содан Иордан өзенін кесіп өтіп, Хеламға аттанды. Арамалықтар Дәуітпен шайқасу үшін жасақшыларын сапқа тұрғызып, лап қойды.

18

Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті жүз соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу әскерін мерт қылды. Арамалық қолбасшы Шобақ та шайқаста ауыр жарақаттанып, сол жерде қаза тапты.

19

Ададәзерге бағынышты барлық патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Исраилмен бітім жасасып, оған мойынсұнатын болды. Арамалықтардың енді қайтып аммондықтарға көмектесуге батылдары бармады.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010