Ескі Өсиет
Жаңа Өсиет
Қазақстандық Киелі кітап 2010
← 32

Жаратылыс 33

34 →
1

Бұдан соң Жақып басын көтеріп, төңірегіне көз тастағанда, ағасы Есаудың келе жатқанын көрді. Оның қасында ілестірген төрт жүз жігіті болды. Сонда Жақып балаларын Лияға, Рахилаға және екі күңіне бөліп беріп,

2

күңдерді балаларымен алдына, олардың артына Лияны балаларымен, ең соңына Рахиланы Жүсіппен тұрғызды.

3

Жақыптың өзі бұлардың ең басында жүріп, ағасының алдына жеткенше жеті рет жерге иіліп тағзым етті.

4

Бірақ Есау жүгіріп келіп, құшақтай алып, оны бетінен сүйді. Екеуі де егіле жылады.

5

Есау басын көтеріп, әйелдер мен балаларды көргенде: — Мына қасыңа ерткендерің кім? — деп сұрады. Жақып: — Бұлар — Құдай сіздің құлыңызға сыйлаған балалар, — деді.

6

Күңдер балаларымен ілгері шығып, Есауға бастарын иді.

7

Содан кейін Лия да балаларымен келіп, оған тағзым етті. Ең соңында Жүсіп пен Рахила алға шығып, бастарын иіп сәлем етті. Есау:

8

— Мен жолшыбай кездестірген табын-табын малдарыңмен не істейтін ойың бар? — деп сұрады. Жақып: — Солар — қожайыныма тартқан сыйлығым. Маған мейірім көрсетсеңіз екен, — деп жауап берді.

9

Бірақ Есау: — Менің өзімдікі де жетіп жатыр. Бауырым, өз мал-мүлкіңе өзің ие бол, — деді.

10

Ал Жақып: — Жо-жоқ! Маған мейіріміңіз түскені рас болса, онда мына сый-тартуымды қабылдаңыз. Мен жүзіңізді көріп, Құдайдың бет-жүзін көргендей болып тұрмын. Себебі сіз мені игі ниетпен қарсы алдыңыз.

11

Өзіңізге арнаған осы тартуларымды қабыл алыңызшы. Маған Құдайдың рақымы түсті, менде не керектің бәрі де бар, — деп қиыла өтініп қоймады. Ақыры Есау көніп, Жақыптың сыйлықтарын қабылдады. Оған:

12

— Жолға шығайық, мен сендермен бірге жүремін, — деді.

13

Бірақ Жақып былай деп жауап берді: — Қожайыным өзі біледі, менің жас балаларым бар, қозылы қойларым мен бұзаулы сиырларыма да абай болуым керек. Оларды бір күн ғана жылдам айдайтын болса, отар-табындарым құрып кететін болады.

14

Қожайыным, құлыңыздың алдынан жүре беріңіз. Мен Сейір жеріне, қожайынымның қасына жеткенше, айдап келе жатқан малдарымның, жүре алатын балаларымның ыңғайына қарай ақырындап жүретін болайын. —

15

Есау: — Ендеше мен ертіп келген жігіттердің бірнешеуін қасыңа қалдырып кетейін, — деп ұсынды. Ал Жақып: — Рақмет, оның қажеті жоқ. Қожайынымның маған бұдан былай да жылы жүзбен қарағанының өзі бір ғанибет, — деп тілегін білдірді.

16

Содан Есау сол күні-ақ Сейір жеріне кері аттанды.

17

Жақып болса, көшіп-қонып Соқотқа барып, сонда өзіне үй, малдарына қора салды. Сол себептен осы жерге Соқот (Қоралар) деген ат қойылды.

18

Кейін Жақып солтүстік Месопотамиядан қайтып келген сапарын аяқтап, аман-есен Қанахан елінде орналасқан Сихем қаласына жетті. Оның қақпасының алдына шатырын тігіп жайғасты.

19

Жақып шатырын тіккен жер танабын Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алды. Ал Хамордың бір ұлының аты Сихем болатын.

20

Жақып сол жерде Құдайға құрбандық беретін орын жасап, оны Исраил сиынатын Тәңір — Құдай деп атады.

Kazakhstan Bible 2010
Public Domain: No Info 2010