Бір жылда Киелі кітап
Мамыр 26


1 Самуел 4:1-21
1. Осылай Самуилдің айтқандары бүкіл Исраил халқына кеңінен тарап жатты. Сол тұста исраилдік жасақшылар філістірлерге қарсы соғысқа аттанды. Олар Әбен-Езер қаласының маңында, ал філістірлер Әфектің қасында қостарын тікті.
2. Жау жасағын сапқа тұрғызып, шабуылға шықты. Кескілескен шайқаста исраилдіктер жеңіліп, төрт мыңдай адамы ұрыс даласында қаза тапты.
3. Қалғандары жасақтың қосына оралғанда, Исраилдің рубасылары ақылдасып: Жаратқан Ие бүгін неліктен філістірлердің бізді талқандап жеңулеріне жол берді? Жаратқан Иенің Келісім сандығын Шилодан осында алдыртайық. Сонда ол ортамызда болып, бізді жау қолынан құтқарып алады, — деп ұйғарды.
4. Сонымен Шилоға бірнеше адам жіберіп, олар Әлемнің Иесінің Келісім сандығын алып келді. Оның жер бетіндегі тағы сандық қақпағындағы керуб мүсіндерінің үстінде болды. Елидің ұлдары Опни мен Пінехес те сол жерге Құдайдың Келісім сандығымен бірге келген еді.
5. Жаратқан Иенің Келісім сандығы жасақтың қосына жеткізілген кезде исраилдіктердің қуана салған айқайынан жер жаңғырықты.
6. Айқай-шуды естіген філістірлер: Исраилдіктердің қосындағы бұл не деген қатты айқай-шу? — деп таңғалысты. Олар қарсыластарының қосына Жаратқан Иенің сандығы әкелінді деген хабарды біліп алғаннан кейін
7. үрейлері ұшып: Олардың араларына Құдай келіпті! — десті. — Енді қасіретке қалармыз! Бұрын-соңды мұндай нәрсе болып көрген емес!
8. Сорладық! Осы құдіретті тәңірлерден бізді кім құтқара алады? Олар иен далада әр түрлі апаттар жіберіп, мысырлықтарды құртқан еді ғой!
9. Кәне, філістірлер, нығайыңдар! Батыл да ержүрек болыңдар! Әйтпесе исраилдіктердің сендерге құл болып келгеніндей, енді сендер олардың құлдары боласыңдар. Ендеше нағыз батырларша жан аямай соғысыңдар! — деп сарбаздарын жігерлендірді.
10. Содан філістірлер жан сала шайқасып, исраилдіктер ойсырай жеңілді. Барлығы бытырап, әркім өз үйіне қашып кетті. Қырғынның зор болғаны сонша, отыз мың исраилдік жаяу жасақтың мәйіттері ұрыс даласында қалды.
11. Бұған қоса Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, әрі Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес қаза тапты.
12. Шайқасып жатқандардың арасынан Бунямин руының бір адамы сытылып шығып, жүгірген бойы сол күні Шилоға жетті. Ол қатты қайғырып, көйлегінің өңірін айыра жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты.
13. Сол кезде Құдайдың сандығын уайымдап, жүрегі қобалжып елегізген Ели қақпа алдында, жол жиегіндегі орындығында отырған еді. Хабаршы қалаға келіп, болған жайдың бәрін айтып бергенде күллі халық айқай салып жоқтай бастады.
14. Зарлы айқайды естіген Ели: — Мынау не қылған айқай-шу? — деп сұрады. Сонда жаңағы кісі болған оқиғаны айтып беру үшін жүгіріп оның қасына келді.
15. Елидің жасы тоқсан сегізде болатын, ол көзі көрмей, зағип болып қалған еді.
16. Әлгі жігіт оған: — Мен тікелей ұрыс даласынан келіп отырмын, бүгін ғана сол жерден сытылып шықтым, — деді. Ели: — Не болғанын айтып берші, балам? — деп өтінді.
17. Хабаршы: — Шайқаста Исраилдің жасағы філістірлерден қашып кетті. Көп адамы қаза тауып, сіздің екі ұлыңыз Опни мен Пінехес те мерт болды. Құдайдың сандығы жаудың қолына түсті, — деп мәлімдеді.
18. Құдайдың сандығына не болғаны туралы айтылғанда, Ели қақпа жанындағы отырған орындығынан шалқалай құлап түсті. Содан желкесі үзіліп, Ели жан тапсырды. Себебі ол өте кәрі және денелі кісі болатын. Ели қырық жыл бойы Исраилге билік айтып келген еді.
19. Бұл кезде Елидің келіні, Пінехестің әйелінің босанатын мезгілі жақындап қалған болатын. Әйел Құдайдың сандығының жау қолына түскені, әрі қайын атасы мен күйеуінің дүние салғаны туралы хабар естігенде сол жерде толғатып, босанды. Алайда толғағы өте ауыр болды.
20. Хал үстінде жатқанда қасындағы әйелдер оны: Қайғырма, ұл тудың, — деп жұбатты. Бірақ ол бұған жауап қайырмады, тіпті көңіл де бөлген жоқ.
21. Құдайдың сандығы жаудың қолына түсіп, қайын атасы мен күйеуі дүние салғандықтан, әйел: Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті! — деп, ұлына Иқабод (яғни Ұлылық жоқ) деген ат қойды.

1 Самуел 5:1-12
1. Філістірлер Құдайдың Келісім сандығын қолға түсіргеннен кейін оны Әбен-Езерден Азот қаласына алып барды.
2. Сол жерде Құдайдың сандығын өздері табынатын тәңір Дагонның ғибадатханасына кіргізіп, оның мүсінінің қасына қойды.
3. Азоттықтар келесі күні ертемен тұрып, ғибадатханаға келгенде Дагонның мүсіні Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлап жатыр екен! Олар мүсінді көтеріп, бұрынғы орнына қойды.
4. Бірақ келесі күні де таң сәріде тұрып, қарағанда Дагон қайтадан Жаратқан Иенің сандығының алдында етпетінен құлаған еді. Оның шабылып түскен басы мен қолдары есіктің табалдырығында, ал денесінің қалған бөлігі жерде бөлек жатты.
5. Сол себептен Дагонның діни қызметкерлері мен оның Азоттағы ғибадатханасына келушілер күні бүгінге дейін осы табалдырықты баспайды.
6. Сол кезде Жаратқан Иенің құдіретті қолы Азот пен оның айналасындағыларды қатты жазалап, кесел жіберіп, денелеріне шиқанды ісіктер қаптатып азаптады.
7. Мұны көрген Азот халқы: Исраилдің Тәңірінің сандығы бұл жерде қалмауға тиіс! Өйткені олардың Тәңірі бізді де, өз тәңіріміз Дагонды да қатты жазалап отыр, — деді.
8. Сонымен олар хабаршыларын жіберіп, філістірлердің барлық әміршілерін шақырып алдыртты. Олардан: — Исраилдің Құдайының сандығымен не істейміз? — деп сұрады. Әміршілер: — Исраилдің Құдайының сандығын Ғатқа жөнелту керек, — деп шешті де, оны сол жаққа апарғызды.
9. Бірақ Келісім сандығы Ғат қаласына келгенде, Жаратқан Иенің құдіретті қолы оны да қатты жазалап, абыржытты. Жас демей, кәрі демей, Жаратқан Ие қаланың тұрғындарының бәріне бірдей індет таратты. Содан оларға жаппай шиқанды ісіктер шыға бастады.
10. Сонда олар Құдайдың сандығын Әкронға жіберді, бірақ ол сол қалаға жете салысымен тұрғындары: Бұлар Исраилдің Құдайының сандығын өзімізді де, бүкіл халқымызды да қыру үшін әкеліп отыр! — деп айқай-шу шығарды.
11. Олар кісілерін жұмсап, філістірлердің барлық әміршілерін шақыртып алып: Өзіміздің де, халқымыздың да құрып кетпеуі үшін Исраилдің Құдайының сандығын осы жерден өз мекеніне қарай жіберіңіздер! — деп өтінді. Ажал бүкіл қала халқын қатты үрейлендірді, себебі Құдайдың құдіретті қолы оларды қатты жазалап жатты.
12. Өлмей тірі қалғандардың денелеріне шиқанды ісіктер шығып, қатты қинады. Қала тұрғындары көмек сұрап көкке қарай жалбарынды.

Забур 53:1-7
1. (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.
2. Зифтің бірнеше тұрғынының Саулға барып: Дәуіт біздің жақта тығылып жүрген сияқты! деп хабар жеткізген кезіне арналған.)
3. Уа, Құдай, ұлы атың үшін құтқара гөр, Зор құдіретіңмен мүддемді қорғай гөр!
4. О, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр, Аузымнан шыққан сөздерге көңіл бөле гөр!
5. Бөгде адамдар маған қарсы шықты, Зорлықшыл сұмдар жанымды алмақшы, Олар еш ойламайды Құдай туралы. //
6. Алайда Құдай маған жар болады, Жаратқан Ие жан дүниемді нығайтады,
7. Сұмдығының есесін жауыма қайтарады. Ием, адалдығыңа сай оларды талқандашы.

Нақыл Сөздер 15:12-13
12. Мысқылшыл өзіне ескерткенді ұнатпас, Дананың маңына ол жақындамас.
13. Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар, Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар.

Лұқа 21:1-19
1. Иса айналасына қарап, байлардың құдайы сыйлықтарын арнайы сандықтарға салып жатқандарына назар аударды.
2. Сонымен қатар бір бейшара жесір әйелдің жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салғанын да көріп,
3. былай деді: Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесір бәрінен де көп салды!
4. Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді.
5. Кейбіреулер ғибадатханаға нұсқап, оның әдемі тастармен салынып, арнайы сый-тартулармен тамаша әшекейленгенін айтты. Иса бұған былай деп жауап берді:
6. — Сендер көріп тұрған мына ғимараттардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын күндер туады!
7. Олар Исадан: — Ұстаз, бұл қашан болады? Оның іске асатын кезін қандай белгі білдірмек? — деп сұрады.
8. Исаның жауабы мынау болды: — Сендер алданып, теріс жолға түсіп кетуден сақтаныңдар! Себебі көптеген адамдар Менің атымды жамылып келіп: (Құтқарушы Мәсіх) Менмін! және Ақырзаман жақындап қалды! дейтін болады. Ондайлардың соңынан ермеңдер!
9. Соғыстар мен көтерілістер туралы естігенде үрейленбеңдер! Алдымен осылар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры бір дегеннен бола қоймайды. —
10. Бұдан кейін Иса оларға айтқан сөзін жалғастырып былай деді: — Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады.
11. Түрлі жерлерде қатты жер сілкіністер, ашаршылық және індеттер болады. Аспанда қорқынышты құбылыстар әрі зор ғажайып белгілер көрінбек.
12. Ал осының бәрі іске аспастан бұрын жұрт сендерге Менің жолыма түскендеріңе бола зорлық көрсетеді. Олар сендерді қудалайды, мәжілісхана соттарына ұстап беріп, түрмеге салады және патшалар мен әміршілердің алдына апарады.
13. Осылайша сендер Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар.
14. Ал енді, қалай жауап береміз деп алдын ала ойламаймыз деген берік шешім қабылдаңдар!
15. Себебі Мен сендерге жауларың қарсы сөйлеп, дәлел келтіре алмайтындай шешендік пен даналық дарытатын боламын.
16. Сендерді тіпті әке-шешелерің мен бауырларың, туыстарың мен дос-жарандарың да ұстап беріп, кейбіреулеріңді өлімге душар етеді.
17. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады.
18. Алайда Құдайдың еркінсіз сендер қылдай да қиянат шекпейсіңдер.
19. Табанды болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!